Химия кереметі
Бахыт Амиева,
Шадыра мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешені,
Баянауыл ауданы, Павлодар облысы
Химия
кереметі
Мақсаты : Оқушылардың химия пәніне
қызығушылығын арттыру.
Қатысушылар : Патша, Желпуші,
Сиқыршы, Малай.
(сахнада патша отырады, оның жанында қауырсынмен желпіп көмекшісі отырады.)
Малай: – О, падишам, біздің шаһарда бір
данышпан сиқыршы жүр дейді.
Патша: –Оны мен қалай естімедім,
кәне, дереу алдыртыңдар!
Малай: -Әміріңізге құлдық, падишам,
қазір!
( тағзым етіп, шығып кетеді де, сиқыршыны алып келеді)
(тағзым етіп сиқыршы келеді.)
Сиқыршы: - Ассалаумағалейкум, падишам !
Патша: – Иә, сиқыршым, кел, жоғары шық, отыр (орын нұсқайды.)
Сенің атағыңды біз де естіп жатырмыз. Кәне, бізге де бір-екі сиқырыңды
көрсетші.
Сиқыршы: – Ау, сізге не көрсетсем
екен? (жан-жағына қарап ойланып қалады )
Патша: –Бізге не көрсетсең де бәрібір, әйтеуір қызық болса болғаны.
Сиқыршы: (стол үстіндегі гүлді көріп)
-Падишам, мына гүліңіз неге ағарып
кеткен?
Патша: –Қыстың күні біздің шаһарда тірі
гүл табу мүмкін емес. Сондықтан бұл сәндік үшін қойылған өтірік гүл ғой. Оған
көңіл аудармай –ақ қой.
Сиқыршы: –Ендеше, падишам, мен осы гүлге
жан бітіріп, тірілтейін, түсін өзгертейін.
Қандай түске өзгертсем екен? (ойланады )
Патша: Жер бетіндегі бар өсімдікке
тіршілік беріп тұрған, күн сәулесінің қызыл түсі. Егер қолыңнан келсе, қызылға
өзгертші, көрейін. Сонда сенің сиқырыңа сенейін.
Сиқыршы: –Ол біз үшін түк емес. Ол үшін
менің сиқырлы дүниелерімді әкеліңдер.
( сахнаға сиқырға қажетті заттар әкелінеді.)
Сиқыршы гүлге жақындап, қолымен әр
түрлі қимылдар жасап, гүлді сиқырлаған болады. Сосын былай дейді:
-Енді бұны тірілтіп, түс беру үшін «тірі су» себейін –деп бір түссіз су
сияқты затты гүлге бүркеді. (гүл
біртіндеп қызыл түске боялады.)
Патша: –Міне, ғажап! Міне, керемет!
Мына гүл шынында да тіріліп келеді.
Тіпті қызыл түске боялды. Ой, рахмет, сиқыршым! Сенің мына кереметіңнен
тіпті ыстықтап, шөлдеп кеттім ғой!
-Әй, малай сусын әкелші!
Малай: -Әміріңізге құлдық, тақсыр,
қазір әкелемін. (Шығып кетеді )
Сиқыршы: –Падишам, жаныңызда сиқыршы
отырғанда, сусынға кісі жұмсап қайтесіз? Мен-ақ дайындап, берейін. Не қалайсың,
сүт ішессіз бе, әлде нарзан суын ішесіз
бе?
Патша: - Өз қалауың білсін, тек таңдай
жібітетін бірдеңе берсең, болғаны. Мен саған сенемін ғой.
(Сиқыршы нарзан суын немесе лимонад
жасауға кіріседі.)
- Міне падишам, нарзан суы, ішіңіз!
Қажет десеңіз, сүтте жасап берейін!
Патша: Сиқыршы ұсынған суды ішеді де
«уф» рахат –ай, бұл сусын болмаса қайтер
едік? - деп қалтасынан орамалын алып
маңдайын , мойнын сүрте бастайды.
-Тіпті терлеп кеттім ғой! Жоқ, сиқыршым, сүт қажет емес, осы да
жетеді. Енді не көрсете аласың?
Сиқыршы: - Падишам, ана орамалыңызды бере
тұрыңызшы (орамалды алып қарайды да, бір
ыдыстағы түссіз заттарға батырып алып, темір штативке бекітіп, тұтатып, жағуға
кіріседі).
Патша: -Әй, мұның не, бұл ханшаның
сыйлығы еді, сен өзі не істеп жатырсың ? Өртеме орамалды, оңбаған, кәне тоқтат!
Сиқыршы: - Сабыр етіңіз, падишам,
қазір көресіз, керемет болады. (сиқыршы жанбайтын орамал
тәжірибесін жасап, патшаға орамалын сол қалпында қайтарып береді.)
Патша : -Керемет, керемет! Мұндай да
болады екен-ау? Сен өзі сайтансың ба, жынсың ба? Жаңа ғана мына орамал лаулап жанып жатыр еді. Енді түк
болмағандай сол қалпында қалыпты. Бұл
қалай, ә?
Сиқыршы: – Иә, падишам, орамалыңызды
бүтін қалпында қайтарып бердім . Бұл сиқырдың күші ғой.
Патша : - Рас, сен нағыз сиқыршы
екенсің, енді сенің осы қызметіңе көрсеткен ғажап сиқырларың үшін, не силасам
екен?
Сиқыршы: –Падишам, ештеңе әуре
болмаңыз. Менің сиқырым - химияның
құдыреті ғой. Мына отырған балалардың
кез-келгені сізге осындай қызмет
көрсете алады.
Патша: - Не дейді, сонда мына отырған
балалардың бәрі де сен сияқты сиқыршы ма, «Химия» дейсің бе, ол не қылған құдырет иесі?
Сиқыршы: –Падишам, «химия» деген
ол – ғылым, сол ғылымды меңгерген әрбір
адам сізге осы кереметтерді, тіпті одан да қызық кереметтерді көрсете
алады. Мына отырған балалар – сол ғылымды оқып, меңгеріп жүргендер.
Патша: –Жарайды, сиқыршым, еңбекті елеу
керек. Біз де адамның еңбегін бағалауды білеміз. Сенің сол химияны
меңгергенің үшін, мә, саған сыйлық! –деп екі-үш бақыр тиын ұсынады.
Сиқыршы: – Падишам, ғылымды меңгергені
үшін сыйлыққа бақыр тиын берген ұят болар. Мен сізге бұларды
күміске айналдырып берейін. Сіз тек мұрныңызды басып отырыңыз. (қола
тиынды күміс тиынға айналдырады )
Патша: - Мынау не дейді? Ойбай –ау, бақырды күміске
айналдырамын дей ме? Олай болса мен
мұрнымды емес, аузымды да қоса жауып отырайын.(орамалмен аузы–мұрнын жауып
отырады).
Сиқыршы: –Ал, падишам, ғылым, білім
сатылмайды, мен сіздің сыйлығыңызды ала
алмаймын. Бақыр тиыныңызды күміске айналдырып бергеніме риза болыңыз – деп орнынан
тұрып, тиынды патшаға береді.
Патша: (тиынды орамалмен, етегімен
сүртіп, айналдырып, қайта –қайта қарап, аузына
тістеп көреді )
Патша: –Ау, сиқыршы мұның ғажап болды.
Менде бар ғой, бақыр көп.
Кәне, сонша бәрін күміске айналдырып бер!
(бұл кезде сиқыршы қоштасып, шығып кеткен, оны патша байқамай қалады.)
Патша: - Қап, кетіп қалыпты ғой!? Әй, малай,
алдырт әлгі сиқыршыны! Сиқыршы қайдасың? - деп сүріне-қабына сахнадан патша
шығып кетеді.
Желпуші: -Міне, балалар, сендер
оқып жүрген «химия » деген – қызық ғылым
екен. Сендер де соны жаңағы «сиқыршы»
айтқандай қажымай, талмай, еріншек
болмай, дұрыс оқып, меңгересіңдер. Сендердің қолдарыңнан бұл өмірде талай кереметтер келетініне мен сенемін.
«Тірі су»- гүлді алдын ала қағаздан жасап сілті ерітіндісіне
батырып алады, гүлге
түссіз фенолфталеинді сепкенде таңқурай түске боялады.
«Нарзан суы» - лимон қышқылы,
эссенция, тамақ бояуы.
«Жанбайтын орамал» - орамал
жанып кетпес үшін суға, сосын
спирт ерітіндісіне батырып
жағады. Су кепкенше орамалдағы спирт
жанады да, орамал жанбай қалады.
«Қола тиынды күміс тиынға айналдыру»
- бұл үшін мыстан немесе қоладан
жасалған тиындарды қысқышпен ұстап концентрлі азот қышқылында тоттан
тазартып, суда жуып алу керек. Олар
сумен шайылып болғаннан кейін, 10 %-тік
сынап нитраты ерітіндісінде 2
минуттай ұстау керек. Металдардың
активтік қасиетіне сай мыс сынапты ерітіндіден ығыстырады.