Жаңа тағайындалған білім министрі оқушыларды қай тілде оқыту керектігін айтты (видео)
10 ақпан күні ҚР білім және ғылым министрі болып Ерлан Сағадиев тағайындалды. Жаңа министр оқушылардың қай тілде білім алу керектігіне байланысты пікір білдірген, деп жазады Stan.kz
Әлеуметтік желілерде саясаттанушылар, журналистер мен қарапайым қолданушылар министр лауазымына Сағадиевтің келуі соңғы уақыттардағы бірден бір әділ тағайындау екенін айтуда. 2013 жылғы TEDxAlmaty конференциясында сөз алған Сағадиев, мектептер үштұғырлы тіл саясатына 2023 жылы ғана толыққанды өте алмақ, дейді.
Ол өзінің жеті жасқа толам дегенше ауылда өскенін айтты. 7 мен 22 жас аралығында орыс тілді ортада тәрбиеленеді. Ал 8 жылдан соң ағылшын тілін үйреніп АҚШ-та оқыды.
Министр, білім мен мәдени тәрбие берер алдында мақсат пен бағыт-бағдар нақтылап алу керек дейді. Сондай-ақ, бас мұғалім әдеби кітаптардың басым бөлігі ағылшын тілінде шығарылатынын да жеткізді. Мәселен, жыл сайын ағылшын тілінде басылған 500 мыңнан астам кітап жарық көреді екен.
«Біздің мәдениетімізді өзгертетін трендтерді білу үшін бізге ғылым ауадай қажет. Біз өз баламызға білім мен тәрбие берерден бұрын, оның мақсаты мен бағытын айқындап алу керек. Осы мәселені дұрыс шеше алсақ, біз көп нәрседен ұтамыз», – деді министр.
Ерлан Сағадиев Қазақ мемлекеттік университетін, Миннесота штатындағы жоғарғы оқу орнын тәмамдаған. Халықаралық IT университеттің негізін қалаушылардың бірі. Әкесі Кенжеғали Сағадиев белгілі экономист, қоғам қайраткері.
Ұжымға жаңа министрді үкімет басшысы Кәрім Мәсімов таныстырды.
Әзірге білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі Аслан Сәрінжіповтың қандай қызметке ауысқанын хабарлаған жоқ.