Павлодарлық оқытушы республикадағы АӘД пәнінің ең үздік мұғалімі атанды
Павлодар бизнес-колледжінің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы Нұрлан Жансүгіров «Қазақстан Республикасында алғашқы әскери дайындық және дене тәрбиесі мен спорт бойынша педагогикалық жетістіктер» атты II республикалық конкурста 1-орынды жеңіп алып, «Ең үздік АӘД пәнінің мұғалімі - 2015» атанды.
Сондай-ақ А. Байтұрсынов атындағы медальмен марапатталды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Облыстық білім беру басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, Нұрлан Жансүгіров бұл марапатты жастарды патриоттық тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін алған.
«Білім беру жүйесінде оқытушы 30 жылдан аса жұмыс істейді, жоғары санатқа ие. Ол көп жылдық еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне 20 жыл» медалімен, «Елеулі еңбегі үшін» төс белгісімен, ҚР Қарулы күштерінің Қорғаныс министрінің, Павлодар облысы білім басқармасының грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталған. Нұрлан Жансүгүров байқауға облыстық білім беру басқармасының аймақтық оқу-тәжірибелік дене тәрбиесі орталығының әдістемелік кеңесінің мүшесі ретінде өз портфолиосын ұсынды. Сондай-ақ әскери-патриоттық жұмысты ұйымдастырушы жеке табыстары мен тәрбиеленушілерінің жетістіктері туралы баяндады, - дейді облыстық білім беру басқармасының маманы Балжан Әділханова. Республикалық конкурс Ақтөбе қаласында Халықаралық экология және инженерия ғылымдарының академиясымен өткізілді. Конкурсқа мемлекеттік білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін АӘД және дене тәрбиесі мұғалімдері қатысқан.