10 тілде еркін сөйлейтін полиглот жастарды тіл үйренуге шақырады
Бір тілді толық меңгерген адам екінші тілді де үйрене алады, деп жазады 24.kz
10 тілде еркін сөйлеп, жаза алатын өскемендік Жұлдызай Форт жастарға осындай кеңес береді. Мектеп жасынан бастап өзге тілдерді өз бетімен оқып үйренген Жұлдызай бұл күндері сол талпынысының пайдасын көріп келеді. Полиглот қазір студенттермен жиі кездесіп, оларды тіл үйренуге шақырып, кеңес беріп жүр. Жұлдызай – «Үш тұғырлы тіл» туралы мемлекеттің саясатын қос қолдап-қолдайтындардың бірі. Тіл үйрену үшін мүмкіндік ұшан-теңіз деп санайтын полиглот жастарды жалқаулықтан арылып, заман мүмкіндігін пайдалануға үндейді. Жұлдызай Форт, полиглот: - 3 тілді білу мүмкін емес. Ол адамның миын ашытып жібереді я болмаса ол үшін көп уақыт керек дейді. Өзімді айтсам, мен арнайы оқымадым, өз бетіммен үйрендім. Бір адам үйренсе, басқа адамдар да үйрене алады. Жоғарғы математика емес қой. Балалық шағы киелі Түркістанда өткен Жұлдызай бастапқыда орысша бір сөз білмепті. Өзге тілді үйренуі алдымен осы орыс, соңынан неміс, ағылшын тілдеріне деген қызығушылықтан басталған екен. Бір қызығы ол арнайы тәлімгердің көмегіне аз жүгінген. Алғыр қыз мейлінше білімін өз бетімен тереңдеткен. Өзге тілдерде еркін сөйлеуіжұмысында табысқа жеткізген. Жұлдызай Форт, полиглот: - «Шекарасыз дәрігерлер» деген ұйымда жұмыс істедім. Интернационалды ұжым болды. Ол жерде менің алған жалақым басқалардан 4 есе көп болды. Ана тілі мен орыс тілін былай қойғанда Жұлдызай ағылшын, неміс, француз, испан, итальян, түрік, грек, швед тілдерінде еркін сөйлеп жаза алады. Қосымша кәріс, қытай, араб, жапон тілдерін тағы меңгеріп жүр. Өйткені тіл білген артық болмайды дейді ол. Жұлдызай Форт, полиглот: - Ғалымдар адам өмір бойы 5-6 тіл үйренуі мүмкіндігі бар деп айтады. Қызығушылық, ынта керек. Біреу маған келіп, үйретеді деп күтіп отырмау керек. Полиглоттың пайымы болашақ сәнгер Күмісгүлге үлкен әсер қалдырыпты. Ол өзге тіл білгеннің өресі өсетініне енді көз жеткізді. Күмісгүл Бұғабай, студент: - Жұлдызай ханым мені қызықтырып жіберді, сан түрлі тілді білетіні, оны шатастырмай, оған деген қызығушылығы өте таңқалдырды. Жұлдызай болашақта Скандинавия тілдеріне ден қойып көрмек. Дегенмен ізденімпаз жанның айнымас ұстанымы бар. Ол – ең бастысы өз ана тіліңде еркін сөйлеп, оның қадірін жете түсіну. Авторлары: Э.Ахметова, Д.Пыхтин