Павлодар облысында техникалық және кәсіптік ұйымдарында студенттер тегін оқытуға ауыстырылды
ҚазАқпарат - 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап Павлодар облысында техникалық және кәсіптік оқыту ұйымдарында ақылы білім алған студенттер тегін оқытуға ауыстырылды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев мәлім етті.
«Облыста білім беру саласында үш ауысымдағы мектептер жоқ, барлық оқушылар тегін оқулықтармен қамтылған. Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында өткен жылы жергілікті бюджеттен 450 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді»,-деді облыс әкімі.
Оның сөзіне қарағанда, 2015 жылы Павлодар облысы ҰБТ-дан Астана және Алматы қалаларынан кейін үшінші, облыстар арасында бірінші орында болған.
«Мемлекет басшысы өзінің былтырғы Жолдауында 2017 жылдан бастап техникалық және жұмысшы мамандықтары бойынша тегін оқытудың жаңа жүйесіне көшу туралы жариялаған болатын. Біздің облыста Елбасы тапсырмасы қазірдің өзінде толығымен орындалды, яғни үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап ақылы білім алатын студенттердің барлығы тегін оқытуға ауыстырылды»,-деді Қ.Бозымбаев.
Aвтор: Руслан Ғаббасов